Кәсіпті тандау мәселесі

Кәсіп, маман сөздері «жұмыс пен жұмысшыны» алмастырып, санамызға сіңіскелі біраз болды. Талап күшейіп, іскерлік орта қалыптасты. Жедел және қарқынды даму үстіндеміз. Бұл турасында елбасы Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауында былай дейді: «Технологиялық революцияның беталысына қарасақ, таяу онжылдық уақытта қазіргі кәсіптердің жартысы жойылып кетеді… Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді». Яғни, білімнің салтанат құруы шарт.

Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде ұстаз атауына лайықты деп танитын ерекше жан бартұғын. Сол уақытта «қазақ тілі мен әдебиеті» пәні маманы әрі мектеп директоры еді. Оның білімділігі, талапшылдығы, өз ісіне адалдығы, сабырлығы, сыпайылығы үлгі аларлықтай. Содан қиялға берілуші ем. Көз алдыма аудиторияда сабақ өткізген өзімді және айтқандарымды ұйып тыңдайтын оқушыларымды елестететінмін. Қайран балалық-ай! Жалпы мұғалімдер қауымы жайлы түсінігімді қалыптастырып, осы кәсіпке деген сыйластығымды арттырған апайым жайлы қазір хабарым жоқ. Солай болғанның өзінде мен секілді өзге де оқушылардың жүректерінен орын алғанына титтей де шүбә келтірмеймін. Бір қызығы естелігімді ақтара отырып 21 ғасыр шәкірттері туралы ойға қалдым. Мына біздер секілді армандайды ма екен? Үлгі тұтар жандары бар ма? Алға қойған мақсаттары қандай? Үлкендер жағы дұрыс тәрбие бере алып жүрміз бе?

Ақиқатында заман өзгеріссіз. Адамзат бірін бірі алмастырады. Анасының тағдырын қызы, атасының тауқыметін немесересі қайталауы мүмкін. Тек кеше тарих баса еді. Бүгінде тәубә, азат елміз. Енді сол тәуелсіз қоғамдағы өзім куә болған мынадай мәселелерге тоқталсам:

Біріншіден. Байқадыңыз ба? Балалар, әйел азаматтары, тіпті қарт және мүмкіндігі шектеулі адамдар да қызметке кіріскенді. Сауда-саттық болсын, қарапайым жұмыс болсын. Мысалы, жұма сайын шығатын баршамызға белгілі «Кешкі Талдықорғанды» тұтынушыларға сатататындар көбейді. Ыстық күндері орталықтағы көшелерде не болмаса сауда үйлерін аралап, азды-көптен қаражатты әжептәуір қылған олар алпысқа таяған қарттар мен он беске де жетпеген жеткіншектер. Жолым болып, бір кезіккенде балақайлармен тілдестім. Осы іспен айналысқандарына біріне екі жыл, біріне екі ай болыпты. Ата-аналары да жағдайдан хабардар екен. Бағамдай келе коммунизмнің келмеске кеткенін және нарық заманы талабын ескерсек пысықайлардың құлшынысын бұрыс демеймін. Әйтсек те, оқу басталғанда қалай болмақ? Табыс табамын деп жүріп бір нәрсеге ұрынып қаларын кім білсін?!

Екіншіден. Бәлки сіздер де осы жандардың қатарындасыз. Толығырақ оқиғамен тарқатсам. Әкесі мен қызы ағылшын тілін үйрету орталығынан шығып келеді екен. Назарымды аудартқаны олардың бақытты жүздері. Мен де жауап қатқандай еріксіз күлімсіредім. Содан жақын тартты ма: «Қызымды ағылшын тілін меңгерсін деп осы орталыққа беріп едім. Қазіргі балалар лезде қағып алады. Нәтижесі өте жақсы. Ағайының мақтағанына марқайып қалдым», деді. Әйтеу, не керек әкесі мен қызымен біраз сұхбаттасқандай болдым. Сіңілімнің талпынысын көріп қуанып қалдым. Ал ата-анасының қызының болашағына алаңдағанын көріп іштей ризы болдым.

Үшіншіден. Байқаған боларсыздар! Қазіргі балалар мүлдем бөлек. Далада асыр салып ойнау жоқ. Ертелі кеш әлеуметтік желі немесе компьютер ойындары. Содан ба, басқасынан ба (мүмкін қателесін шығармын) біразынан өзімшілдік пен тәкәппарлықты көремін. Мәселен оқу орнындағы болашақ маман мен еден жуушы маманының қарым-қатынасын салыстырсақ. Көзге елемеушілік, еңбегін бағаламаушылық бар. Егер сол еден жуушы осы баланың туысқаны болса одан өзін аулақ ұстауға тырысады. Неліктен? Себебі ұят. Білім алды тәрбие екенін ескерсек мұның жөн қылық емес екенін жақсы білеміз.

Өмірден алынған мысалдарды келтіре отыра айтпағым, осының бір жүйелігі болу керек тәрізді. Байқағандарыңыздай шашыраңқылық көп. Ата-анасына қолғабыс беру үшін немесе олардың көңілдерін қалдырмас үшін бірі жанын бағып, бірі жанын салып еңбектенуде. Ал үшінші кейіпкер мүлдем сарыауыз. Өйткені төмен тап жұмысын қабылдай алмаған ол келешекте кездесер сындарға қалай төтеп бермек. Абзалы мектептерде бір мен он бірінші сынып аралығында оқытылатын «Кәсіби бағдар беру» жүйесін қолданысқа енгізу. Бұл балапандарымызды іскерлікке дайындайды, болашағына жол салады.  Осы турасында сіз қалай ойлайсыз?!

Аяужан НҰРМОЛДА

 «Didakt-kz» ЖШС-нің журналисті

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *